×

Қызылорда облысында 8 мектеп директоры мен есепшілерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған

Келтірілген залал сомасы 446 млн теңгені құрады

 Динара Амантай 07.01.2023 | 17:32
Фото: Halyq Uni

Биыл 5 қаңтарда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-өимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті бастамасымен облыстық білім басқармасы және оған қарасты мекемелер қызметінде жүргізіліп жатқан сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жұмыстарын талқылау мақсатында дөңгелек үстел өткізілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Іс-шара барысында, Департамент басшысының бірінші орынбасары А.Ашиков өңірдің орта білім беру ұйымдарында 2020-2021 жылдары болған ірі мөлшерде бюджеттік қаражатты жымқыру фактілері, сонымен қатар аталған ұйымдардың еңбек ақы төлеу қорына бөлінген бюджет қаражатын игеру барысындағы тәуекелдер жөнінде жеткізді.

Атап айтқанда, Департаментпен облыстың 8 мектебінің директорлары мен есепшілеріне қатысты, алдын ала келтірілген залал сомасы 446 млн теңге құрайтын аса ірі көлемде қаражат жымқыру фактілері бойынша қылмыстық істер тергеліп жатыр.

Осы саладағы келеңсіз жағдайларды ескере отырып, 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап облыстық білім басқармасы және оған қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталғанын хабарлады.

Сонымен қатар, А.Ашиков аталған саланың осал тұстарын толықтырып, Білім басқармасымен атқарылатын жұмыстары мен көрсетілетін қызметтерінің сапасын арттыру үшін бірлесе жұмыс жасау мақсатында тиісті топ құрылғандағын айта отырып, оның құрамына енгізілген мемлекеттік мүлік және жекешелендіру, ішкі мемлекеттік аудит, білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменттері, облыстық бақылау басқармасының қызметкерлері мен қоғамдық кеңес мүшелерін таныстырды.

Талдаудың мақсаты - сыбайлас жемқорлық көріністері мен құқық бұзушылықтарды жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтап, оларды жою бойынша тиісті ұсынымдар енгізу болып табылатынын атап өтті.

Кездесу барысында жұмыс тобы мүшелерінің тарапынан облыстық білім басқармасы және оған қарасты мекемелердің ұйымдастыру-басқару қызметіндегі және осы саланы регламенттейтін құқықтық актілердегі тәуекелдердің алдын алу жөнінде ұсыныстар енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама