29 жастағы қала тұрғыны зардап шеккен жоқ
Арқалықта полицей 5-ші қабаттың балконынан құлаған қызды құтқарып қалды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, бүгін таңғы сағат 05:30-да қаланың Жедел басқару орталығына өтіп бара жатқан адамдардан қыздың балконнан тайып, бірақ темірді ұстап үлгергені туралы хабар келіп түскен. Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері Алмат Әмірхан мен Руслан Капсаматов жетті. Жағдайды бағамдап, Алмат Әмірхан далада қалып, ал серіктесі бесінші қабатқа көтерілді. Осы кезде жақтаудан ұстап тұрған әйел бесінші қабаттан құлап түсті. Төменде қалған полиция қызметкері оны ұстап алып, өз денесімен соққыны жұмсартуға тырысты. Осының арқасында 29 жастағы қала тұрғыны зардап шеккен жоқ.
Патрульдік полиция қызметкері Алмат Әмірхан бірнеше жарақат алып, аяғын ауыртып алды. Оған медициналық көмек көрсетілді.