×

Өскеменде пәтерден өрт шығып, 1 адам қаза тапты

Тағы біреуі улану және күйік алу белгілерімен ауруханаға жеткізілді

 Динара Амантай 07.01.2023 | 12:33
Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметі

Өскеменде пәтерлердің бірінде өрт шығып, салдарынан 43 жастағы ер адам қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 6 қаңтарда сағат 20.48-де Назарбаев даңғылындағы пәтерлердің бірінде өрт шыққан. Санаулы минуттарда келген өрт сөндіру бөлімшелері бірінші кезекте баспалдақпен 8 тұрғынды, оның ішінде 3 баланы құтқарып, түтін басқан кіреберістен 10 адамды эвакуациялады.

Өрт 15 шаршы метр аумақта сөндіріліп, пәтерде төсек-орын жанғаны анықталды. Барлау барысында өрт орнында 1980 жылы туған ер адамның мәйіті табылды.

Сондай-ақ өрт сөндірушілер 1984 жылы туған адамды құтқарып, оны қою түтін басқан пәтерден алып шықты.Ол жанған өнімдермен улану және термиялық күйік алу белгілерімен жедел-жәрдем көлігімен қалалық ауруханаға жеткізілді.

Өрттің шығу себебі ретінде төсекте мас күйінде темекі шегу болжамы пысықталып жатыр.

Сөндіру жұмыстарына барлығы 14 өрт сөндіруші мен 6 бірлік техника жұмылдырылды.

ШҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажеттігін еске салады.Тұрғын үй-жайларда, әсіресе алкогольдік мас күйінде темекі шегуге жол бермеңіз.

Мұндай өрттер өте қарапайым схема бойынша басталады: ішіп, темекі шегіп, ұйықтап қалды... Жанып тұрған темекі қауіпті, өйткені ол төсек-орын жабдықтарын және басқа жанғыш материалдарды тұтатып қана қоймайды, сонымен қатар бөлменің қатты түтін басуына ықпал етеді, бұл ыдырау өнімдерімен улануды және ұйықтап жатқан адамның өлімін тудырады.

Өрт кезінде 101 немесе 112 нөмірлері бойынша хабарлау қажет.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама