«Қазақстан-Қытай» шекарасында бақылау күшейгеннен бері Қырғызстаннан елімізге тауарлар импорты 3 есе өскен
Қазір негізінен тауарға ілеспе құжаттары көрсетілмеген, соның ішінде зияткерлік меншік объектілері саналатын тауарлар, Қытай өндірісіндегі қымбат және көп салық төлеуді қажет ететін тауарлар анықталып жатыр.
Мәселен, биылғы 11 наурызда тексеру жүргізу барысында Қырғызстаннан келе жатқан жүк көлігінде 2 715 брендтік тауар анықталды. Аталған тауарлар ішінде Dior сөмкелері, Gucci күртешелері, Nike кроссовкалары, Dolce&Gabbana джинсы мен тағы басқалар бар, – дейді Мемлекеттік кірістер комитеті.
Аталған факт бойынша материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Жамбыл облысының экономикалық тергеу департаментіне жолданды.
«Жалпы, жыл басынан бері мемлекеттік кірістер органдары Жамбыл облысы экономикалық тергеу департаментіне тауар белгілерін заңсыз пайдалану фактілері бойынша 6 материал жіберді. Оның ішінде 2 материал бойынша қылмыстық іс қозғалды. Залал 21,7 млн теңгені құрады», – делінген ақпаратта.