Ақтөбеде алаяқтық жасаған экс-әкім бас бостандығынан айрылмайтын болды
Ол танысына жер телімін беріп, 1 миллион 383 мың теңге пара алған
Ақтөбеде Алматы ауданының сотталған бұрынғы әкімі Абат Көбеновке тағайындалған бас бостандығын айыру жазасы айыппұлға ауыстырылды, деп хабарлады «Диапазон» басылымы.
Үкім Ақтөбе облыстық сотының апелляциялық сатысында қайта қаралып, алаяқтықпен сотталған экс-әкімнің жазасын өзгертуге болады деген қорытынды шығарылған. Осылайша, қылмыстық істер жөніндегі алқа оған 3 жылға бас бостандығынан айыру жазасының орнына 13 миллион 839 мың теңге айыппұл салған.
Апелляциялық сотта ол жазаны жеңілдетуді және жәбірленушіге келтірілген залалды өтегенін, денсаулық жағдайын, сондай-ақ 3 бала тәрбиелеп отырғанын, қарт анасы барын ескеруді сұрады. Сот материалдарды, прокурордың қорытындысын қарап, жеңілдететін жағдайларды ескеріп, ұрланған мүліктің 10 есе мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындады, - делінген соттың баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ ол өмір бойы мемлекеттік органдарда қызмет атқару құқығынан айырылған.
Еске сала кетсек, Абат Көбенов былтыр ақпан-қыркүйек айлары аралығында Ақтөбе қаласы Алматы ауданының әкімі болған еді. Ал қалалық әкімдік аппаратының басшысы болып жүрген кезінде танысына жер телімін беріп, 1 миллион 383 мың теңге алғаны үшін сотталған.