Алтай Көлгінов көпбалалы аналармен кездесуге дайын ба?
Ол журналистерді жалған ақпарат таратпауға шақырды
Астана қаласының әкімі болғанда көпбалалы аналармен бірнеше рет кездестім. Олармен тиісті кездесулер өткізіліп жатыр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің кеңейтілген отырысынан соң Үкімет басшысының орынбасарына журналистер өзекті сұрақтар қойды.
«Бұған дейін БАҚ-та тараған мәліметке сәйкес, сіз Астана қаласының әкімі болғанда көпбалалы аналармен бір-ақ рет кездесіпсіз. Қазір сіз премьер-министрдің орынбасары болдыңыз, әлеуметтік салаға жауап бересіз. Енді көпбалалы аналардың мәселесін шешуге арналған арнайы жоспарыңыз бар ма?», - деді олар.
Премьер-министрдің орынбасары БАҚ өкілдерін жалған ақпарат таратпауға шақырды.
Сізге өтінішім бар. Жалған ақпарат таратпаңыз. (Көпбалалы аналармен – авт.) бір-ақ рет кездесті деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Мен 3,5 жылдың ішінде (Астана қаласының әкімі болғанда – авт.) жыл сайын бірнеше мың адаммен кездестім. Сізге әкімдіктен нақты санды алып берейін. Ең бастысы, біз президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айқындап, орындадық. Әкім болғанда көптеген қордаланған мәселені шештік. Бұл бір адамның жұмысы емес, көптеген мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы биліктің жұмысы, - деді ол.
Осы сәтте журналист «Егер көпбалалы аналар Үкіметтің алдына келсе, сіз олармен кездесуге дайынсыз ба?» – деп сұрағын нақтылады. Ал Алтай Көлгінов олармен кездесуге дайын екенін атап өтті.
«Олармен әрқашан кездесіп отырамыз. Мысалы, біз қоғамнан топтың бір мүшесін бөлуге болмайды деп санаймыз. Бәріне тең қараймыз. Мұқтаж азаматтар болса, мемлекет және жергілікті атқарушы орган, орталық мемлекеттік орган тарапынан әрқашан (оларға көмектесуге – авт.) дайын», - деді премьер-министрдің орынбасары.