Астанада жоғалған адам туыстарын тапты
Баласы әкесін бірден таныды
Астана қаласының полицейлері патрульдеу кезінде 4 жылдан бері хабар-ошарсыз кеткен ер адамды тапты.
Патрульдік полиция полкінің полицейлері Талғат Намазбаев пен Әбілқайыр Мырзатаев патрульдеу кезінде Құтпанов көшесіндегі үйдің кіреберісінің жанынан ер адамды байқап, оны Сарыарқа ауданының полиция басқармасына жеткізген.
Ер адамның өзімен бірге құжаттары болмаған. Айтуынша, ол 4 жыл Ақмола облысында тұрып, жұмыс істеген және осы уақыт ішінде туыстарымен байланысын үзген.
Тексеру кезінде 48 жастағы ер адамның Ақсу қаласында тұратын 29 жастағы ұлы бар екені анықталды. Полицейлер оған бейнеқоңырау арқылы хабарласқанда, баласы әкесін бірден таныған. Сол күні ұлы келіп, әкесін алып кетті.