Балабақшадан универге дейін: Білім беру ұйымдарында Ashyq жойылады
Бұған дейін «Ashyq қосымшасынан бас тарту ревакцинацияны тежеуі мүмкін», деген еді сарапшы
Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова 14 наурыздан бастап білім беру ұйымдарындағы шектеу іс-шараларын алып тастау туралы қаулыға қол қойды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Есмағамбетованың 2022 жылғы 14 наурыздағы №13 қаулысында эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, «жасыл» және «сары» аймақтарда орналасқан өңірлерде меншік нысанындағы және ведомстволық тиісті білім беру ұйымдарында әлеуметтік қашықтықтықты сақтау және термометрия талаптарын алып тастау туралы жазылған.
Ashyq мобильді қосымшасын пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтау және термометрия жүргізу білім беру ұйымдары әкімшілігінің шешімі бойынша ерікті түрде жүзеге асырылуы мүмкін, – делінген қаулы мәтінінде.
Сонымен бірге өңір «қызыл» аймаққа ауысқан кезде білім беру ұйымдарында Ashyq мобильді қосымшасын міндетті түрде пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтау және күн сайынғы «кіру» сүзгісін жүргізу қамтамасыз етілетіні ескертілген.
Бұған дейін Қазақстан аумағында коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия эпидемиологиялық тәуекелдің «сары» және «жасыл» аймақтарындағы өңірлерге қатысты бірқатар шешім қабылдаған болатын. Атап айтқанда Ashyq мобильді қосымшасын міндетті түрде қолдану, әлеуметтік қашықтықты сақтауға қойылатын талаптар мен міндетті термометрия туралы талаптар күшін жойды.
Осыған дейін «Ashyq қосымшасынан бас тарту ревакцинацияны тежеуі мүмкін», деген еді сарапшы.