Бала күтімі бойынша төлем 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмысынан айырылған адамдарға, еңбекке қабілеттілігінен, яғни мүгедектігіне байланысты жүмыс істей алмайтын және асыраушысынан айырылған азаматтарға әлеуметтік төлемдер көбейтілді. Сондай-ақ бала күтімі бойынша төлемдер кезеңі ұзартылды.
Адамға жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлемді есептеу үшін қолданылатын табысты алмастыру коэффициенті 40%-дан 45%-ға дейін ұлғайтылды. Биыл 117 мыңға жуық азаматқа жұмысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем орта есеппен 13%-ға өсіп, арттырылған мөлшерде тағайындалады деп күтіліп отыр.
Сондай-ақ бала күтімі бойынша әлеуметтік төлем 1 жастан 1,5 жасқа дейін ұзартылды. Биыл бұл төлем 500 мыңнан аса ата-анаға тағайындалады деп жоспарланған.
Бұдан басқа, еңбекке қабілеттілігінен айырылған 78 мың адамға және асыраушысынан айырылған 55 мың отбасына базалық мемлекеттік жәрдемақыларға қосымша тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері 8,5% артты.