«Жұмыс күні ұзартылған ба?»: Астананың білім мекемелері бір күнде 18 сағаттық семинарға қатысқан
Семинар 2022 жылдың 30 желтоқсанында өтті
Астана қаласындағы бес мемлекеттік балабақша мен бір мектепте бюджет қаржысына жемқорлық құқық бұзушылық туралы арнайы семинар ұйымдастырылған. 18 сағаттық семинарды алты мекемеге бір жеткізуші өткізген, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Әділдік жолы» РҚБ мәліметінше, аталған семинар 2022 жылдың 30 желтоқсанында өткізілді. Қоғамдық ұйымның сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне мониторинг жүргізу кезінде тәрбиешілер мен педагогтерге құқықтық сауаттылық туралы дәрісті бір жеткізушінің өткізгені күдік тудырды.
«Бір жұмыс күні ішінде 18 сағаттық дәрісті қалай тыңдауға болады. Өткен жылдың 30 желтоқсанында елорданың алты білім мекемесі жемқорлық қылмыс, соттағы дау-дамай мен мемлекеттік сатып алулар сияқты өзекті тақырыпта дәріс тыңдауға шешім қабылдапты. Алайда олардың бәрі бір жеткізуші – А.Цойдың дәрісін тындады», – деді қоғамдық ұйым.
Еске сала кетейік, Қазақстанның Еңбек кодексіне сәйкес, еліміздегі білім беру ұйымдарының жұмыс уақыты 8 сағат болып есептеледі.
Еңбек кодексіне өзгерістер енгізілді ме, әлде жұмыс күні ұзартылды ма белгісіз. Аталған ұйымдардың тыңдаған дәрісі үшін бюджеттен 2 млн теңге қаржы төленді. Әрі олардың келісімі мен актілері сол күні толтырылған, – деп қосты «Әділдік жолы» РҚБ.
Атап айтқанда №89 «Қыз Жібек» балабақшасы 380 мың теңге, №62 «Нұрсәуле» балабақшасы 380 мың теңге, №40 «Құлпынай» балабашасы 95 мың теңге, № 71 «Мөлдір» балабақшасы 380 мың теңге, №18 «Аяжан» балабақшасы 380 мың теңге, сондай-ақ №3 мектеп гимназиясы 420 мың теңге жұмсады.
«Әділдік жолы» осы факті бойынша Антикорға хат жолдайтынын мәлімдеді.