×

Бас прокурор қаңтарда адамдардың басы кесілген деген ақпаратты жоққа шығарды

Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты түскен деректердің бәрін тексереді

 Дәурен Ерболат 05.01.2023 | 14:58
фото © Самат Құсайынов

Бас прокурор Берік Асылов қаңтар оқиғасына қатысты әртүрлі ақпарат тарағанын, деректердің бәрі тексерілгенін айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан Бас прокурорға журналистер «Қаңтар оқиғасы кезінде адамдардың басы кесілді деген ақпарат болды. Бұл дерек расталды ма?» деп сұрақ қойды.

«Былтыр 4-5 қаңтарда қаңтар оқиғасы басталды. Әртүрлі ақпарат тарады. Оның арасында жалғаны да бар. Елестетіңізші, 8 қалада көптеген нысан мен әкімдік өртенді. Әртүрлі ақпарат көзінен түрлі мәлімет түсті. Оның ішінде бұрыс ақпарат та болды. Біз кесілген бас туралы ақпаратты тексердік. Бірақ мұндай адамды таппадық. Тергеуді бастап, ақпаратты толық тексердік. Алайда бұл дерек расталмады», - деді Берік Асылов.

Еске салайық, 2022 жылдың 6 қаңтарында Алматыда басы кесілген екі полиция қызметкерінің мүрдесі табылғаны жайлы ақпарат тарады. Бұл жайында Алматы қаласының комендатурасы мәлім етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама