Halyq Uni логотип
×

«Алаңдаудың қажеті жоқ». Смайылов еліміздегі азық-түлік қоры жайында айтты

Облыс әкімдеріне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты KPI бекітілмек

 Қымбат Елтайқызы 15.03.2022 | 10:40
«Алаңдаудың қажеті жоқ». Смайылов еліміздегі азық-түлік қоры жайында айтты
фото: Halyq Uni

Премьер-министр Әлихан Смайылов бүгінгі үкімет отырысында Қазақстандағы азық-түлік мәселесін көтерді.

«Бірінші кезекте еліміз негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтамасыз етілгенін атап өткім келеді. Қазір ешқандай да алаңдаудың қажеті жоқ. Соңғы жылдары бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныс пен оның бағасы өсіп барады. Сондықтан отандық ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу арқылы ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету мәселесі  бірінші орынға шығып отыр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаруды ұлғайту керек және импорттан тәуелділікті барынша қысқарту қажет. Мемлекет басшысы ағымдағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді ескеріп, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызын бірнеше рет атап көрсетті. Осыған байланысты тиісті жоспар әзірленген болатын. Қазіргі жағдайда бұл құжат маңызы одан сайын арта түскенін көріп отырмыз. Сондықтан азық-түлік тауарларының нақты қолжетімді болуы, дүкендер мен базарларда жеткілікті көлемде болуы басты міндет болуға тиіс», – деді ол.

Үкімет басшысының айтуынша, жоспар ауыл шаруашылығы өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталып отыр. Онда негізінен егіс алқаптарын әртараптандыру, мал шаруашылығын кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сақтау мен логиситика инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қамтылған. Сонымен қатар нарықты азық-түлікпен қамтамасыз ету өндіріс пен тұтыну балансын ескеріп, жүргізілуі тиіс. Бұл есептеулер бағаны тұрақтандыру жөніндегі басқа да нарықтық механизмдермен бірге (оның ішінде тұрақтандыру қорлары және «айналым схемалары»)  азық-түлік тауарларын қолжетімді қылуға негіз болады. Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жатпайды. Сондықтан бағаларды тұрақтандырудың басқа да әдістерін қолдану қажет. Сонымен бірге жоспар аясында форвардтық жеткізулер жүйесін дамытып, агроөнеркәсіптік кешен және сауда субъектілерінің арасында ұзақ мерзімді тұрақты шаруашылық байланыстарды орнату шараларын да қарастыру керек.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шығарылатын тамақ өнімдерінің сапасы да маңызды орын алады. Бұл бағытта ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау, тамақ өнімдерін сертификаттау жұмыстарын жетілдірудің маңызы зор. Сондай-ақ аграрлық ғылымды дамыту қажет. Ғылыми зерттеу процестерінің интеграциясын, кадр дайындау және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді қамтамасыз ету керек. Бұл үшін жоспарда аграрлық университеттер базасында құрамына аграралық ғылыми институттар мен тәжірибелік шаруашылықтар қосып, зерттеу орталықтарын құру бойынша нақты міндеттер қарастыру қажет. Жоспарда көзделген іс-шаралар өңірлік даму жоспарларында да қамтылуы керек. Облыс әкімдеріне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты KPI бекітілуге тиіс. Жалпы, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары жобасында көрсетілген тәсілдерді мақұлдауды ұсынамын», – деді ол.

Бұған дейін үкімет басшысы азық-түлік бағасын тұрақтандыруды тапсырған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама