Түркістан облысының тауларында 12 адам жоғалды

Динара Амантай

Жоғалған адамдар соңғы рет 3 қаңтарда байланысқа шыққан

Фото: Halyq Uni

Түркістан облысының тауларында жоғалып кеткен 12 адам іздестіріліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 10:00-де Түркістан облысы ТЖД 112 пультіне Бәйдібек ауданының Байжансай тауына екі автокөлікпен жолға шыққан адамдардың жоғалғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Іздестіру жұмыстарына Түркістан облысы ТЖД құтқарушылары мен өтімділігі жоғары техникасы жұмылдырылды. Ауа райына байланысты ТЖМ тікұшағын жұмылдыру жоспарланып отыр.

Жоғалған адамдар соңғы рет 3 қаңтарда сағат 16:00-де туыстарымен байланысқа шыққан болатын. Өтініш иесінің айтуынша, олар 3 қаңтарда Шымкент қаласына қайтуға тиіс болған.