Жаңатас қаласына жылу беріле бастады
Апат салдарынан «ЖаңатаСуЖылу» МКК жұмысын тоқтатуға мәжбүр болған
Сарысу ауданында төтенше жағдай салдарын жою бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов ауданға жұмыс сапарымен барып, жауаптыларға ең алдымен Жаңатас қаласына электр энергиясын және жылу беру мәселесін жедел шешуді тапсырған болатын. Соған сәйкес атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бұған дейін қалаға электр энергиясы беріліп, енді жылумен қамту шаралары жүзеге аса бастады.
Қазір «ЖаңатаСуЖылу» МКК жылумен жабдықтау жүйелеріне су толтыру, жеке генераторларының қуаты айналым-сорғыларының қызметін қалыпқа келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осыған орай қалаға жылу беру кезең-кезеңімен іске асып, бір тәулікте толығымен жылуға қосылады деп жоспарланған.
Еске сала кетсек, бұған дейін қатты дауыл салдарынан Жаңатас қаласындағы электр бағандары құлап, электр желілері тиісті кернеуді таратуда кедергі туындаған. Соған байланысты «ЖаңатаСуЖылу» МКК жұмысын тоқтатуға мәжбүр болып, жылумен жабдықтау жүйесінен суды ағызу туралы шешім қабылданған болатын.