Ақмола облысында боран салдарынан 60-тан аса адам құтқарылды

Динара Амантай

Өңірде 13 республикалық және 23 облыстық маңызы бар жолдар жабылған

Фото: Halyq Uni

Ақмола облысының автожолдарында күрделі жағдай сақталып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қарлы боран салдарынан облыс бойынша 13 республикалық және 23 облыстық маңызы бар жолдар жабылған.

Ауа-райының нашарлауына байланысты 3 қаңтарда облыс жолдарында күрделі жағдай қалыптасқан. Республикалық маңызы бар бекеттер мен автожолдар блогынан ТЖД полиция қызметімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Атбасар, Жақсы және Целиноград аудандарының жылыту пункттеріне 65 адамды эвакуациялады. Оның ішінде 5 бала бар. Сондай-ақ ТЖД күшімен техникалық ақауы бар жеңіл автокөліктен Ерейментау қаласындағы тұрғылықты жері бойынша 4 адам құтқарылды. Олар медициналық көмекке мұқтаж емес. Құтқарылғандардың ішінде жарақат алғандар мен зардап шеккендер жоқ.

 Бұл ретте Ақмола облысы ТЖД бастығының орынбасары Қайрат Қасым ауа райының құбылмалылығына назар аудару қажеттігін еске салды.