Хадемнің Ирандағы туыстары мен ата-аналарына да қауіп төнген
Алматыда өткен рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатына хиджабсыз қатысқан ирандық шахматшы Сара Хадемді белгісіз біреулер бопсалап, бірнеше рет қоңырау шалған, деп хабарлады El País газеті.
Ол өзінің иммиграциясы туралы ақпаратты растап, бір күні Иранға оралуға ниетті екенін айтты. Өйткені қазір оның отбасы Испанияда тұрып жатыр.
Мен босқын емеспін. Иммиграция – саяси емес, отбасылық шешім. Иран – әлі күнге дейін біздің алғашқы үйіміз және бір күні Отанымызға ораламыз, – деп жазды Сара Хадем.
Сондай-ақ ол Алматыда өткен әлем чемпионатына Иранның емес, өз есебінен қатысқаны туралы ақпаратты растады.
Еске сала кетсек, Иран шахмат федерациясының басшысы Хасан Тамини бұған дейін Алматыда рапид пен блицтен әлем чемпионатында Сара Хадемнің Ислам Республикасының атынан шықпағанын мәлімдеген болатын. Ал кеше Сара Хадем Испанияға жетті.
Алматыда болған кезінде оған турнир аяқталғаннан кейін үйіне оралмауын айтып, сақтандырған қоңыраулар көп түскен. Ал кейбірі оның «мәселесін шешуге» уәде беріп, өз еліне қайтып келуін өтінген. Сонымен қатар, Хадемнің Ирандағы туыстары мен ата-аналарына да қауіп төнген көрінеді.
Осы жағдайдан кейін Қазақстан полициясы шахматшының қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы шешім қабылдап, қонақ үй бөлмесін 4 адам күзеткен.