Елімізде 16 мыңнан аса пиротехника тәркіленді
842 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды
Қазақстанда 16 мыңнан аса сертификатталмаған пиротехника тәркіленді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, 25 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында республикада «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткен. Осы күндері полицейлер мен ТЖД қызметкерлері жеке және заңды тұлғалардың азаматтық пиротехникалардың айналымына және оның қауіпсіздік ережелерін сақтауына қадағалау жұмыстарын жүргізді.
Атап айтқанда, пиротехникалық бұйымдарды сату ережелерін бұзғаны үшін 842 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде ӘҚБтК-нің 196-бабы («Заңсыз сауда») бойынша – 829, 436-бабы бойынша («Бөлінбеген орындарда қолдану») – 11, 483-бабы бойынша («Сақтау және тасымалдау тәртібін бұзу») – 2 адам.
Сонымен қатар, Жаңа жыл қарсаңында отшашуды қолдану кезінде күйік алудың 15 фактісі тіркелді. Оның ішінде 6 кәмелетке толмаған бала бар. Мысалы, елордада 1 қаңтарда түнде үйдің ауласында ер адам 2 кәмелетке толмаған баласымен бірге отшашуды қолданған кезде ерні мен қолынан термиялық күйік алған. Тағы бір оқиға Астанада Нәжімеденов көшесінде болды. Пиротехниканы дұрыс қолданбау салдарынан балкон өртеніп кетті. Зардап шеккендер жоқ. Пәтер иесі полицияға жүгінбеді. ЖПІШ өткізу кезеңінде барлығы 16 400 дана сертификатталмаған пиротехникалық өнім тәркіленді.