Halyq Uni логотип
×

Үкімет басшысы жаңа министрлерге қандай міндеттер жүктелетінін айтты

Ол бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке алғыс айтты

 Дәурен Ерболат 04.01.2023 | 16:11
Үкімет басшысы жаңа министрлерге қандай міндеттер жүктелетінін айтты
Фото: primeminister.kz

Премьер-министр Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Экология және табиғи ресурстар, Әділет, Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрліктерінің ұжымына жаңа басшыларды таныстырды, деп хабарлады Үкімет басшысының баспасөз қызметі.

Әлихан Смайылов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ұжымына Марат Қарабаевты таныстырып, оның жаңа технологиялар, индустрия және инновациялық даму салаларында жұмыс тәжірибесі мол, мақсатқа қол жеткізуде қажет ресурстарды жұмылдыра алатын жоғары білікті маман ретінде көрсеткенін атап өтті.

Мемлекет басшысы өңдеу өнеркәсібінің өсу қарқынын және қосымша құны жоғары қайта өңдеу өнімдерін шығаруды ынталандыру, сондай-ақ индустрияның базалық салаларын, логистикалық әлеуетті және көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі маңызды міндеттерді белгіледі, - деді премьер-министр.

Ол геологиялық саланы дамытуға және пайдалы қазбаларды барлау мен өндіруге инвестиция тартуға ерекше назар аудару керектігін де атап өтті.

Премьер-министр Экология министрлігінің ұжымына Зүлфия Сүлейменованы таныстырып, ведомство бұрынғы экологиялық мәселелерді, оның ішінде Арал теңізі мен Семей өңіріне қатысты мәселелерді шешу, сондай-ақ су ресурстарын басқару және табиғат пен жануарлар әлемін қорғау жөніндегі міндеттерге қол жеткізу бойынша жұмысты жандандыруға тиіс екенін жеткізді.

Ірі кәсіпорындардың зиянды қалдықтарын кезең-кезеңмен төмендетуге қол жеткізу және оларды жаңа технологияларды енгізуге ынталандыру қажет. Өйткені бұл азаматтарымыздың денсаулығына тікелей байланысты, - деді Әлихан Смайылов.

Әділет министрлігінің ұжымымен кездесуде Үкімет басшысы жаңа басшы Азамат Есқараев пен ведомство қызметкерлері жақында қабылданған барлық заң бойынша заңға тәуелді актілерді әзірлеуді және осы мәселеде тиісті ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз етуге тиіс екенін айтты. Оның айтуынша, нормативтік-құқықтық актілерді сараптау сапасын арттыру, жалпы сарапшылар қоғамдастығымен белсенді өзара іс-қимыл жасау және «модельдік» заңдар нысанында жаңа заңнамалық базаны қалыптастыру бойынша жұмысты жалғастыру керек.

Ел президенті алға мемлекеттік басқарудың барлық деңгейінде шешім қабылдау процесін жеделдету міндетін қойып отыр. Мұндай тәсіл қажет әлеуметтік және экономикалық реформаларды жедел жүргізуге мүмкіндік береді, — деді премьер.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың алдында тұрған басым міндеттерді атап өткен Үкімет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын сапалы іске асыру, оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, саланы оқыту мен цифрландырудың озық әдістемелерін енгізу қажеттігіне назар аударды.

Ол мектепке дейінгі және мектептен тыс, кәсіптік білім беру жүйесін одан әрі дамыту керектігін атап өтті.

Білім берудің бастапқы кезеңдерінде адами капиталдың және тұтастай мемлекетіміздің одан әрі дамуының негізі қаланады. Үкімет тарапынан білім беру саласына көп көңіл бөлінеді: мұғалімдердің жалақысы көтерілуде, жаңа мектептер мен балабақшалар ашылуда, оқытудың заманауи форматтары енгізіліп жатыр. Біз саланың барлық мәселесін жоспарлы түрде қарап, шешім қабылдауды жалғастырамыз, — деген Әлихан Смайылов бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовке атқарған жұмысы үшін алғыс айтты.

Үкімет басшысы Мәдениет және спорт министрлігінің ұжымына жаңа басшы Асхат Ораловты таныстырып, ведомствоның басым міндеттері Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасын сақтау және дәріптеу, республиканың халықаралық аренадағы беделін арттыру, сондай-ақ спортты дамыту тәсілдерін өзгерту болып саналатынын жеткізді.

Бұқаралық спортты дамытуға баса назар аударып, кәсіби спортшылардың жаңа буынын даярлау деңгейін көтеруіміз керек. Барлық күш-жігер осыған жұмсалуға тиіс, — деді Әлихан Смайылов жаңа министрге.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама