Электр желілерін реттеу жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылған
Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Сарысу ауданының Жаңатас қаласына барып, бораннан кейінгі жағдаймен танысты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Өңір басшысы алдымен «ЖаңатасСуЖылу» МКК қалыпқа келтіру жұмыстарын тексерді. Сондай-ақ қатты желден құлаған электр бағандарын көріп, оларды жөндеу бойынша жауаптыларға тапсырмалар жүктеді.
Дінмұхаммед Қонаев атындағы орта мектепте болған облыс әкімі қаладағы 2-3 оқу ордасын жылытуға барынша көңіл бөлу керектігін баса айтты.
Ол үшін арнайы генераторлар пайдаланылады. Бұл мектептерді жылыту пунктері ретінде дайын тұруы маңызды, – деді өңір басшысы.
Сонымен бірге «Шахан» қосалқы станциясына барған Нұржан Нұржігітов қаланы ең алдымен электр энергиясына қосу керектігін жеткізді.
Қазір электр желілерін реттеу жұмыстарына 10 бригада жұмылдырылған. Әкім бұл жұмыстарды 2-3 сағатта аяқтауды тапсырды.