Ол Ресеймен шекарадағы ауылда жоғалып кетті
Атырау облысында 1 қаңтардан бері із-түзсіз жоғалған ер адам табылмай жатыр. Ол Ресей Федерациясымен шекарадағы ауылда жоғалып кеткен.
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің хабарлауынша, Құрманғазы ауданындағы Көптоғай селолық округінің тұрғыны үйінен шығып кетіп, қайта оралмаған.
Бұл селолық округ Құрманғазы аудандық төтенше жағдайлар бөліміне қарасты №7 өрт сөндіру бөлімінен 60 шақырым қашықтықта орналасқан. Соған қарамастан, бөлімнің құтқарушылары 1 қаңтар күні үйінен белгісіз бағытқа шығып, қайта оралмаған 1972 жылғы ер адамды іздестіріп жатыр, – деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.
Атырау облысының Ресей Федерациясымен шектесетін ауылда із-түзсіз жоғалып кеткен тұрғынды іздестіруге 9 адам мен 2 техника тартылған. Оның ішінде төтенше жағдайлар бөлімінің 7, аудандық полиция бөлімінің 2 қызметкері бар. Сондай-ақ іздестіру жұмыстарына жергілікті атқарушы орган мен ауыл тұрғындары да көмек көрсетіп жатыр.