Halyq Uni логотип
×

Қайрат Боранбаев ісі: сотталушылар айыптау актісімен келіспеді

Сотталушылар 14,6 млрд теңгені иемденді деп айыпталып отыр

 Айгерім Таубай 04.01.2023 | 12:14
Қайрат Боранбаев ісі: сотталушылар айыптау актісімен келіспеді
Halyq Uni

Кәсіпкер Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ сот процесі барысында айыптау актісімен келіспеді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Роман Наханов сот отырысында айыптау актісі түсініксіз екенін жеткізді.

«Маған ммлекеттік айыптаушы келтірген айыптау түсініксіз. Прокурор «АзияГазЧунджа» компаниясында газ құбыры жоқ екенін мәлімдеді. Соған сәйкес газ жеткізуге құқығы жоқ екенін айтты. Прокурор неге сүйеніп олай айтады? «АзияГазЧунджа» компаниясында қажетті инфрақұрылым бар. «АзияГазЧунджа» ЖШС негізгі мақсаты – газ сату және оны жеткізу. Барлық қажетті лицензиясы да бар, монополияға қарсы комитетке (Ұлттық экономика министрлігінің табиғи монополияларды реттеу комитеті) тіркелген. Бұл оның осы қызметпен айналысуға толық құқылы екенін көрсетеді», - деді Роман Наханов.

Қайрат Боранбаев Нахановтың сөзіне қосылып, өздерін нақты не үшін айыптап отырғанын білмейтінін жеткізді.

Тағылған айып бойынша өзімді кінәлімін деп санамаймын, - деді Боранбаев.

Іс бойынша үшінші сотталушы Тайыр Жанұзақ ешкіммен келісімге келмегенін, іс бойынша өзін кінәлі деп санамайтынын айтты.

Боранбаев пен Наханов мырзаны танымаймын. Олармен кездескен емеспін, телефон арқылы сөйлескен емеспін, - деді Жанұзақ.

Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында мемлекеттік айыптаушы Бауыржан Шекенов Боранбаев, Нахановтың Жанұзақпен («QazaqGaz «ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары) келісімге келіп, газ нарығындағы жағдайды өз пайдасы үшін пайдаланбақ болғанын мәлімдеді.

Тергеу мәліметі бойынша, Боранбаев өзінің сенімді адамы Роман Нахановпен, Ибулла Серді және Тайыр Жанұзақпен бірге 2019 жылдың 1 шілдесінен 2022 жылдың 11 ақпанына дейін «АзияГазЧунджа» ЖШС пен «QazaqGaz» ҰК» АҚ арасында келісімге келген.

ЖШС АҚ-ға 2 026 419 текше метр көлемінде жалпы сомасы 141 681 676 272 теңгеге газ жеткізуге келіскен.

Прокурордың айтуынша, газды қымбат бағаға сатып алып, 2019 жылдың 1 шілдесі мен 2020 жылдың 23 қаңтарына дейінгі аралықта 14 565 318 010 теңге сомасына мемлекет қаражатын жұмсаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама