Ауыл әкімі сотта кінәсін толық мойындады
Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңақала ауданының Жаңақазан ауылдық округінің әкімі Әлібек Лұқпанов жеке кәсіпкерлікпен айналысатыны анықталды. Бұл туралы республикалық «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша филиалының басшысы Бауыржан Ахметжан мәлімдеді.
Оның атынан «ет алу үшін ірі қара малын өсіру» бағыты бойынша «Даулетхан» шаруа қожалығы ашылған.
Мемлекеттік қызметкердің жеке кәсіппен айналысатыны туралы мәлімет биыл 22 ақпанда белгілі болған. Осы ретте «Әділдік жолы» РҚБ Жаңақазан әкіміне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 154-бабы (ҚР заңнамасында кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу белгiленген адамның осындай қызметпен айналысуы) бойынша әкімшілік іс қозғау үшін БҚО Антикор қызметіне хат жолдады.
11 наурызда Жаңақала аудандық сотының қаулысымен Ә. Лұқпановқа қатысты ӘҚБтК-нің 154-бабымен кінәлі деп танылып, оған 428 820 теңге айыппұл салынды. Ауыл әкімі сотта кінәсін толық мойындады.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңының 12-бабына сай, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, оларға теңестірілген адамдардың, лауазымды адамдардың, сондай-ақ көрсетілген функцияларды орындауға уәкілеттік берілген кандидаттар болып табылатын адамдардың өз өкілеттіктерін жеке, топтық және өзге де қызметтік емес мүдделерде пайдалануына әкеп соғуы мүмкін әрекеттерді жасауына жол бермеу мақсатында, өздеріне мемлекеттік функцияларды орындаумен сыйыспайтын қызметті жүзеге асыруда шектеулерді қабылдайды.