HIMARS-тың Макеевка казармасын атқылауынан жүздеген Ресей жауынгері қаза тапты
РФ солдаттары Путиннің жаңа жылға арналған құттықтау сөздерін тыңдауға барған
Украина Қарулы күштері Донецк облысының Макеевка қаласында Ресейдің жүздеген жауынгерін жер жастандырды. Бұл туралы The Moscow News хабарлады.
Соққы 1 қаңтар күні жергілікті уақыт бойынша 00:01 сағатта берілді. Ол Саратов облысынан әскерге шақырылғандар казарма ретінде орналасқан бұрынғы №19 ПТУ ғимаратын сүріп тастады.
Өзін өзі жариялаған ДХР үйлестіру орталығының мәліметі бойынша, кемінде 15 адам қаза тапқан. Бірақ Украина Қарулы күштері стратегиялық басқармасының хабарлауынша, 400-ге жуық оккупант оққа ұшып, 300 басқыншы жараланып қалған. Олар Путиннің жаңа жылға арналған құттықтау сөздерін тыңдауға барған.
«Romanov Лайт» телеграм-арнасы соққы салдарынан оқ-дәрілердің де атылғанын жазды. Содан келіп, осыншалықты ірі жарылыс болған.