Halyq Uni логотип
×

«Ұлыма «кітап оқыма» дей бастадым». Асхат Аймағамбетов балаларының кітапты көп оқитынын айтты

5-сыныптан бастап ұлым жылына 30-50 кітап оқитын болды, дейді бас ұстаз

 Халық үні 02.01.2023 | 16:45
«Ұлыма «кітап оқыма» дей бастадым». Асхат Аймағамбетов балаларының кітапты көп оқитынын айтты
Сурет: elorda.info

Балалық шағымнан қалған естеліктердің бірі - үйдегі кітаптарға толы үлкен сөрелер мен алуан түрлі әдебиеттер. Үйде кітаптардың белгілі бір сериясына жазылу немесе кезекті рет оқылған кітаптар туралы сондай мақтанышпен, қызығушылықпен айтылғаны әлі есімде, деп жазады оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

«Осыдан болар менің де үйдегі кітаптарды қайта оқып шыққаным таңқаларлық емес. Ал кейінірек аудандық кітапхананың тұрақты оқырманы атандым. Бала кезімде «тамақ ішіп отырғанда кітап оқымау керек» деген ескертуді жиі еститінмін», – дейді министр.

Өзім әке атанғанымда балаларыма алдымен ертегі оқып бердім, кейін үлкен ұлым өзі оқи бастады. Ертегілер мен шағын әңгімелерден бастап, шытырман оқиғалар, ғылыми фантастика және көркем емес фантастика сынды жанрларға біртіндеп көштік. 5-сыныптан бастап ұлым жылына 30-50 кітап оқитын болды. Сол кезде мен де ұлыма кешкі ас кезінде «кітап оқыма» деп ескерту жасай бастадым. Балабақшаға барып жүрген кенже балам ертегілерді, әсіресе, «Еркетай» мен «Жәнібек» туралы заманауи қазақ комикстерін тыңдағанды ұнатады, – дейді Асхат Аймағамбетов.

«Мен өз тәжірибемнен балаларды оқуға мәжбүрлеуге болмайтынын айта аламын. Балаларға қысым көрсетпей, керісінше жеке мысалмен оқуға деген сүйіспеншілікті ояту қажет. Бала ата-анасының кітап оқып отырғанын көруі керек. Сонда ғана қызығушылық пайда болады. Кітаптар баланың мінезіне және құндылықтарының қалыптасуына әсер ететінін де ескерген жөн. Оң сюжеттік желісі бар кітаптар жақсы әдеттерге баулып, дұрыс тәрбие береді. Сол себепті балаларды қолдау, кітап оқуға баулу, оларға кітап сатып алып беру, кітап көрмелеріне бірге бару өте маңызды», – дейді бас ұстаз.

Бұған дейін PISA, TIMSS халықаралық зерттеулерінің нәтижелерін жарияланған еді. Олар ата-аналардың балалармен бірге оқуы және олардың болашақта мектептегі академиялық үлгерімі арасындағы нақты және оң байланысты көрсетті. Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, үйде кітаптары бар балалар жоғары нәтиже көрсеткен.

Сондықтан 2020 жылы оқушыларды көркем әдебиет оқуға баулу үшін ауқымды республикалық «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске қостық, – дейді бас ұстаз.

Бұл жоба туралы министр келесі жазбамда кеңірек тарқатып айтуға уәде берді.

Мереке қарсаңында осы жазбаны оқитын ата-аналарға балаларға қызықты кітап оқуға кеңес беруді ұсынар едім. Олардың кітап әлеміне жасаған саяхаты қызықты болсын! Барлық оқушыны кітап оқуға көбірек уақыт бөлуге шақырамын. Өйткені, білім – ең құнды байлық, – дейді Асхат Аймағамбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама