Кентаудағы ЖЭО жөндеуден өткізу үшін 40 млрд теңгеден аса қаржы қажет
Бүгінде аталған жылу орталығының қызметін 14 мың абонент тұтынып отыр
Кентаудағы ЖЭО жөндеуден өткізу үшін 40 млрд теңгеден аса қаржы қажет. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Жетпісбай қоғамдық қауіпсіздік пен коммуналдық қызмет саласының жұмысшыларымен кездесу барысында айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Кентауда қаласында орналасқан жылу энерго орталығының тозуы 85 пайыздан асады. 1950 жылдары салынған орталық бүгінде шығынға жұмыс істеп тұр.
ЖЭО-ға техникалық негіздеме жасалған. Кешенді жоспарға енгізілген болатын. Жөндеуден өткізу үшін 40 млрд теңгеден астам қаржы керек. Екібазтұздағы жағдайға байланысты қазір қайтадан техникалық зерттеу жұмыстары жасалып жатыр. Оған арнайы халықаралық компания тартылды - деді Арман Жетпісбай.
Қазір аталған ЖЭО-да 6 қазандық жұмыс істеп тұр. Оның 4-еуі тұрақты іске қосылған болса, екеуі қосымша резевке қойылған. Бір айта кетерлігі, барлық қазандық көмірмен жұмыс істейді. Оларды жөндеуден өткізгеннен соң, инвестор есебінен қасына табиғи газға қосылған электр стансасын салу жоспарланып отыр.
Бірден 100 пайыз газға көшуге болады. Оған уақыт керек. Сосын газ тапшылығы туындап қалуы мүмкін. Қыс мезгілінде газ құбырынан ақау шықса, қосымша іске қосылатын резервтегі жылу орталығы болуы қажет. Сондықтан екі жүйе де керек - деді Арман Жетпісбай.
Бүгінде аталған жылу энерго орталығының қызметін 14 мың абонент тұтынып отыр. Оның ішінде 347 көпқабатты тұрғын үй, 2000 астам жеке сектордағы тұрғын үйлер мен 106 бюджеттік мекеме, 441 коммерциялық нысан бар.