Ақтөбеде өрт салдарынан 1 адам қаза тапты

Динара Амантай

Тағы бір адам жансақтау бөлімінде жатыр

Фото: Ақтөбе ТЖД-ның баспасөз қызметі

Ақтөбеде Жаңа жылдың бірінші түнінде жеке үйден өрт шығып, салдарынан 58 жастағы әйел қайтыс болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 1 қаңтар күні 01 сағат 13 минутта 112 құтқару қызметіне Ақтөбе қаласы, Алматы ауданы, Өтемісова мекенжайында жеке үйдің жанып жатқаны бойынша ақпарат келіп түскен. Шақырту орнына 24 адам 4 техника жіберілді. Оқиға орнына құтқарушылар барған кезде жеке үйдің жатын бөлмесінде үй заттары өртенгені анықталды. Өрт 1 сағат 54 минутта ауыздықталды. Жалпы ауданы 10 ш.м. құрады.

Өрт салдарынан 2 адам зардап шекті. 58 жастағы әйел адам көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға барар жолда қайтыс болды. 82 жастағы әйел адам жансақтау бөлімінде жатыр.

Өрттің шығу себебі анықталуда.

Ақтөбе облысы ТЖД өрт қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.