Үйлердің сапасы өте жоғары
Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы алапат өрттен зардап шеккен адамдар қоян жылын жаңа қоныста қарсы алады. Тұрғындар 91 үйге толық көшіп бітті. Дүние-мүлкінен, төрт-түлігінен айрылған жандарға түгел өтемақы берілді.
Еске сала кетсек, ондағы орман өрті қыркүйектің 2-сі күні тұтанып, 7 күнде толық сөндірілген болатын. Алапат өрт 43 мың гектар аумақты шарпыды. Аманқарағай, Лесное, Озерный ауылдарының тұрғындары зардап шекті. Сонда Аманқарағай ауылында 91 үй толық жанып кеткен еді. Тағы 33 үйдің қора-қопсысы мен гаражы, моншасы отқа оранды. 22 көлік күлге айналды.
Үйлердің сапасы өте жоғары, жақсы. Жиһаз, техникалық заттарын алды. Жаңа жылды қарсы алуға дайын. Зардап шеккен 9 жеке кәсіпкер бар. Соларға да көмек көрсетілді. Өтемақы ақшалай берілді, - деді тілшілерге берген жауабында Әулиекөл ауданы әкімінің орынбасары Әсет Бекеш.
Айта кетсек, 1,5 айда 2 миллиард 300 миллион теңгеге Бірлік шағын ауданындағы 91 үй толық салынған. Коммуникация түгел өткізілген. Бұл – рекордтық қысқа мерзімді көрсеткіш.
Ал өрттен зардап шеккен тұрғындарға өтемақы беру үшін облыстық қазынадан 190 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар, түрлі қоғамдық ұйымдар арқылы 650 миллион теңге түскен. Аудан әкімдігіндегілер қомақты қаражаттың тұрғындарға тең бөлінгенін айтты. Оның сыртында әр тұрғынға AMANAT партиясы ұйымдастырған 1 300 тонна гуманитарлық көмек үлестірілген.
Қазір әулиекөлдіктер қиын-қыстау кезеңде қол ұшын созып, қолдан келген көмегін аямаған жұртқа алғыс білдіріп отыр.