×

Кәсіпкерден сыйға 2 шырша алған шенеунік айыппұл арқалады

Ақмола облысында 21 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды

 Динара Амантай 30.12.2022 | 14:24
Фото: catherineasquithgallery.com

Жыл басынан бері Ақмола облысында сыбайлас жемқорлыққа қатысты 21 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Антикордың мәліметінше, осы материалдар бойынша 10 млн теңгеден аса сомаға айыппұл салынған. Кінәлілердің басым бөлігі бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдауды, сондай-ақ заңнамада кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға тыйым салу белгiленген адамдардың осындай қызметпен айналысуын көздейтін баптар бойынша тартылды.

Мәселен, өңірдің квазимемлекеттік секторы ұйымдарының бірінің басшысы бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды ұйымның қызметкері ретінде жұмысқа қабылдаған. Мұндай әрекеттер үшін ӘҚБтК-нің 681-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген. Нәтижесінде кінәліге 153 150 теңге сомасында айыппұл салынды. Айта кетейік, бұл фактіге бәйжай қарай алмаған бір тұрғын облыстың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне хабарлаған. Кейін оған ақшалай сыйақы табысталды.

Сонымен қатар, заңсыз материалдық сыйақы алған аумақтық мемлекеттік органдардың бірінің қызметкеріне 1 286 460 теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Мемлекеттік қызметкер сыйлық ретінде кәсіпкерден екі шырша алған. Бұл кәсіпкер кінәлі лауазымды тұлғаның қызметтік міндеттерін жүзеге асыруына байланысты оған тәуелді болған. ӘҚБтК-нің 677-бабына («Мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкiлеттiк берілген тұлғаның не оған теңестiрiлген тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы алуы») сәйкес мұндай әрекет заңсыз болып саналады.

Бұдан басқа, Кодекстің 680 («Мемлекеттік органдар басшыларының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамауы») және 676-бабы («Жеке тұлғалардың заңсыз материалдық сыйақы беруi») бойынша бірқатар әкімшілік құқықбұзушылықтар анықталды.

Айта кетейік, әкімшілік заңнамаға енгізілген түзетулерге сәйкес Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15 бап бойынша әкімшілік құқықбұзушылықтарды анықтау және жолын кесу құқығы берілген. Кейін соттар әкімшілік істерді қарайды. Мұндай тәжірибе неғұрлым ауыр сыбайлас жемқорлық көріністерінің уақтылы алдын алуға және мемлекетке келтірілген залалдың орнын толтыруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама