46 арызданушыда жеңіл, 6-ында орташа дене жарақаты анықталды
Қаңтар оқиғасынан кейін 172 адам құқық қорғау органдары тарапынан азаптау фактісіне шағымданды. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Көптеген арызданушы маска таққан және каскада болған полиция қызметкерлерін атап көрсетеді. Яғни, олардың тіпті жүздерін де көрмеген, аттарын да білмейді. Қазір тергеу арызданушылар мен куәгерлер берген ірілі-ұсақты айғақтар және бейнебақылау камераларынан сақталған жазбалар арқылы қаңтар оқиғасын егжей-тегжейлі зерделеуде. Бұл жұмыс көптеген бейнебақылау камераларының жұмыс істемеуімен не тәртіпсіздіктер кезінде кейбіреулерінің бұзылып қалуымен қиындық тудырып отыр, - деді Бектенов.
Сонымен бірге Антикор басшысы өтініш берушілердің көбіне тәртіпсіздіктерге белсенді қатысушы деген күдік тағылғанын айтты. Бүгінде 172 тұлғаның ішінен 161-іне қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған, яғни 135-сі қамауда, 9-і үйқамақта және 2-еуі жеке кепілдікте, 15-інен ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат алынды.
«Жарақаттар көшедегі тәртіпсіздіктерде тікелей алынуы мүмкін деген нұсқа жоққа шығарылмайды. Сондықтан тергеу әрекеттері арызданушылардың дене жарақаттарын алу кезеңін анықтауға бағытталған. Барлық қылмыстық іс бойынша қажетті сот сараптамалары тағайындалды», - деп қосты ол.
Бұнымен қатар сараптама қорытындысы бойынша, 46 арызданушыда жеңіл дене жарақаты, 6-ында орташа дене жарақаты анықталды. Ал 25 адамда дене жарақаты анықталмағанын айтты.
Егер тергеу барысында оларға физикалық және психикалық ықпалдар корсетілгені заңды әрекеттер нәтижесінде анықталса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру қылмыстық кодекстің 146-бабына сәйкес тоқтатылады. Анықтама ретінде, лауазымды адамдардың заңды әрекеттерi нәтижесiнде келтiрiлген тән зардабы мен психикалық зардап азаптау деп танылмайды. Біздің істер бойынша қазір полиция қызметкерлері күдікті ретінде танылмаған. Әрбір процестік шешім заңмен талап етілетіндіктен, прокуратурамен келісіледі, - деп түйіндеді сөзін агенттік төрағасы.
Бұған дейін мәжілісмен Жанарбек Әшімжан «Қаңтар оқиғасына» құқықтық баға берілу керек» деген болатын. Сондықтан Бас прокуратура мен Ішкі істер министрін сұрақтарға жауап беру үшін Мәжіліске шақыртқан еді.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.