Бір жылда мемлекеттің болмысы мен табиғаты түбегейлі өзгерді – Мәжіліс төрағасы
Мәжіліс депутаттары 2022 жылды қорытындылады
Қазақстанда бір жылда болған оқиғалар мемлекеттің, қоғамның болмысы мен табиғатын түбегейлі өзгертті. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Шын мәнінде сындарлы әрі тарихи жыл болды. Бір жыл ішінде болған оқиғалар мемлекеттің, қоғамның болмысы мен табиғатын түбегейлі өзгертті десек, артық айтқандық емес.
Қаңтар оқиғасы бәріміз үшін ауыр сынақ әрі сабақ болды. Сол сынақтарға жауап ретінде, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде көлемді әрі батыл саяси реформаларды қолға алды. Бұл оң өзгерістерді жалпыхалықтық референдумда азаматтарымыздың қызу қолдағанына бәріміз куәміз. Қарашада өткен Президент сайлауындағы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әділ, таза әрі күмәнсіз жеңісі – халқымыздың сол қолдауының айқын дәлелі», - деді спикер жалпы отырыста.
Мәжіліс төрағасы әріптестерінің жұмысына да баға берді.
«Бүгінде ел азаматтарының ертеңгі күнге деген үміті оянып, сенімі артып келеді. Ең бастысы біз осы сенімді жоғалтып алмауымыз керек! Халқымызда “Әділеттің жолы – ауыр” деген сөз бар.
Бірақ біз береке-бірлігіміздің арқасында қандай қиын жолды да абыроймен еңсереміз деп сенемін! Міне, осы жолда, сіздер – әріптестер, Мәжіліс депутаттары да ерен еңбек еткендеріңізді атап өткім келеді», - деді Ерлан Қошанов.
Төрағаның айтуынша, биыл Мәжілісте 154 заң жобасы болды. Нәтижесінде 93 заң жобасы қаралып, Сенатқа жолданды. Оның 75-іне президент қол қойды.
2022 жылы біз Мәжіліс жанындағы қоғамдық қабылдау бөлмесі мен қоғамдық палатаның жұмысын бастадық. Мұның бәрі Мәжілістің ашықтығын көрсетеді, - деді ол.
Сонымен қатар Ерлан Қошанов қаңтар оқиғасына тоқталды.
«Алғаш рет Мәжіліс қабырғасында "қаңтар оқиғасын" тергеу барысының алдын ала қорытындысын ашық түрде тыңдадық. Тәуелсіз Қазақстан тарихының ең бір қайғылы парағына айналған қанды оқиғаның жай-жапсарын талдап-талқылау жалғаса бермек. Бұл күрделі мәселе депутаттардың ұдайы назарында болады.
Жаңа жыл басындағы алғашқы жиындардың бірінде оған тағы да арнайы ораламыз. Біз осы жылдың ішінде барлық өңірде, ауыл-аймақта болдық. Жұртшылықтың мұң-мұқтажын бөлісіп, ашық, қоян-қолтық жұмыс істедік. Осы үрдіс алдағы уақытта да белсенді түрде жалғасуы керек деп санаймын», - деді Мәжіліс төрағасы.
Қошанов 2023 жылы депутаттардың алдында маңызды міндеттер тұрғанын атап өтті.
«Мәжіліс жұмысын жаңа конституциялық жағдайда бастайын деп отыр. Мәжіліс заңдарды дербес қабылдайтын болады.
2023 жылы Мәжіліс сайлауы өтеді. Бұл бізге тікелей қатысты. Ашық бәсекелестік күресте біз азаматтардың қолдауына ие болуымыз керек. Сондықтан қарқынымызды бәсеңдетпей, белсенді түрде жұмыс істеуді жалғастыру маңызды», - деді ол.