Қаңтар оқиғасы: Бас прокурор қамаудағыларды азаптау туралы тың мәлімет берді
Прокуратураға барлығы 301 шағым түсіпті
Бас прокурор Берік Асыловтың айтуынша, тергеудің рұқсат етілмеген түрлері бойынша прокуратураға барлығы 301 шағым түскен, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, прокуратура органдары сол шағымдар бойынша азаптау және билікті асыра пайдалану баптарымен 243 қылмыстық іс қозғаған.
Бұлардың 234-і Жемқорлыққа қарсы қызметте. Резонансты деген 9 іс арнайы прокурорлардың қарауында. Онда тергеу изоляторында қаза тапқандарда бар. Осы істер бойынша 9 лауазымды тұлға ұсталған. Оның ішінде 8-і ҰҚК департаментінен болса, біреуі полиция қызметкері. Алматы облысы полиция департаментінде үтік қолданып азаптаған полицей де осылардың қатарында, – деді Асылов.
Маманның сөзінше, Алматы қаласында ҰҚК департаментінің 6 қызметкері 24 адамды азаптады деген күдікке ілінген. Салдарынан барлық жапа шегуші дене жарақатын алып, біреуі қаза болған. Сонымен бірге ҰҚК-нің Алматы облыстық департаментінің тағы екі қызметкері оның алдында ұсталып, уақытша тергеу абақтысында жатқан азаматты ұрып-соқты деген күдікке ілінген. Соққыдан қамаудағы азамат көз жұмған.
Бұған дейін мәжілісмен Жанарбек Әшімжан «Қаңтар оқиғасына» құқықтық баға берілу керек» деген болатын. Сондықтан Бас прокуратура мен Ішкі істер министрін сұрақтарға жауап беру үшін Мәжіліске шақыртқан еді.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.