Мәдениет және спорт министрі спортшылардан лайықты нәтиже күтетінін айтты
2024 жылы Францияның астанасы Парижде өтетін жазғы Олимпия ойындарына дайындалу үшін спортшыларға заманауи жабдықтар берілді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, Париж Олимипиадасына дайындық аясында арнайы бағдарлама әзірленген. Осыған байланысты спортшыларға заманауи жабдықтар сатып алуға қосымша қаражат бөлінген.
2023 жыл – Олимпиадаға дейінгі, ұлттық құрама командаларын даярлау тұрғысынан ең маңызды жыл. Үлкен жарыстарда жеңіске жету үшін ең алдымен ерік-жігер, табандылық, спорттық рух пен тәртіп қажет екені анық. Бірақ инфрақұрылымның атқаратын рөлін естен шығармаған жөн. Сондықтан тиісті жағдайларды жасау үшін біз жабдықтарды жаңарту және сатып алу жұмыстарын жүргіздік. Енді соңғы нәтиже толығымен спортшыға байланысты, – деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Оның айтуынша, спортшыларға 28 жазғы және қысқы олимпиадалық және 3 паралимпиадалық спорт түрлері бойынша жабдықтар берілді. Оларды алғаннан кейін спортшылар министрлікке алғыс айтты.
Бүгінде кәсіби спортшылар технологиямен қамтамасыз етіліп отыр. Бұл жерде жаттығу процесі, жарыстар мен демалыс туралы айтуға болады. Дегенмен прогресс соншалықты тез болғандықтан, жыл сайын әртүрлі жабдықтар мен жаттығу құралдарының жетілдірілген модельдері пайда болады. Сондықтан қазақстандық спортшыларға мұның бәрі қолжетімді екені қуантады, – деді шорт-тректен халықаралық дәрежедегі спорт шебері Денис Никиша.
Спортшыларға трек және жол жарыстарына арналған құралдар (велоспорт), қайықтар, ескектер және жүрек соғу жиілігінің мониторларын (байдарка мен каноэде есу), ашық суда жүзуге арналған тренажер-4D, синхронды жүзуге арналған портативті жүйе сатып алынды.
Жазғы спорт түрлерінде катушкалар мен арнайы кейстер (семсерлесу), доптаяқтар мен жабдықтар (допты хоккей), ракеткалар (үстел теннисі), жиынтықтар, кимоно, трико және аяқ киім (таеквондо, дзюдо, пара дзюдо және күрес түрлері) қарастырылған. Сонымен қатар, қысқы спорт түрлері де назардан тыс қалмады. Олар велосипедтер, коньки мен комбез (шорт-трек және конькимен сырғанау), шаңғы, таяқ, етік және бекіткіштер (шаңғы жарысы және биатлон, пара шаңғы жарысы және пара биатлон), шаңғы және бекіткіштер (фристайл, трамплиннен секіру) алады.
Еске сала кетсек, жақында министр Дәурен Абаев федерация басшыларымен кездесіп, 2024 жылы Парижде өтетін Олипиадада жақсы нәтиже көрсету үшін бірқатар тапсырма берген болатын.