Алматы облысы әкімдігі бұрын казино болған ғимаратқа көшті
Қонаев қаласында кеңсені жалға алу бағасы қымбаттаған
Алматы облысы әкімі аппараты жаңа ғимаратқа көшті. Енді әкімдік қызметкерлері бұрын ойынхана болған нысанда жұмыс істейді, деп хабарлайды Halyq Uni.
«Қонаев қаласындағы Индустриальная, 16/4 мекенжайында орналасқан ғимараттың пайдалану бағыты өзгерді. Қазір ойын-сауық орталығы емес. Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы статусына алғаннан кейін бұл жердегі кеңселердің бағасы едәуір өскен. Бұл ғимарат банкте кепілде тұрғандықтан, нарықтағы бағадан төмен сомаға өткізіп жатыр», - деді облыс әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел Halyq Uni тілшісіне.
Сондай-ақ әкімдік осы мүмкіндікті пайдаланып, нысанды сатып алуды жоспарлап отыр.
«Нарықтағы бағадан төмен болғандықтан, сатып аламыз. Сатып алу бағасы келісіліп жатыр. Қазір ғимаратты жалға алып, орналастық. Енді бұл жер қаншалықты ыңғайлы болады деген мәселе бар. Әкімдікке келген адам бірден өзінің шаруасын бітіріп алуы керек. Жер қатынастары басқармасы, сәулет басқармасы да осы ғимаратқа көшті», - деді ол.
Осылайша әкімдік Open space форматында жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Сатып алу бағасы – бір шаршы метр үшін 270 мың теңге, нысанның жалпы ауданы – 11 891,8 шаршы метр. Қазір сатып алу бойынша келіссөз жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, 16 наурызда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысын Жетісу және Алматы облыстары деп бөлуді ұсынды. Алматы облысының орталығы Қапшағай қаласы болады. Мемлекет басшысы егер жұртшылық Қапшағай атауын Қонаев деп өзгертуді ұсынса, бұл пікірге қосылатынын айтты.
Көп ұзамай Алматы облысының бірқатар үкіметтік емес ұйымдары Қапшағай қаласын қайта атау туралы бастама көтерді. Бұл ұсынысты Қапшағай қаласы мәслихатының депутаттары бірауыздан қолдап, Алматы облысының ономастикалық комиссиясына жолдаған.
3 мамырда президент Қасым -Жомарт Тоқаев Қапшағай қаласын Қонавқа өзгерту туралы қаулығы қол қойды.