Қаңтар оқиғасы: 8 өңірде 42 мемлекеттік орган ғимараты қиратылды
Келген шығынның жалпы сомасы 30 млрд теңгеге жуықтады
Мәжілістің кезектен тыс пленарлық отырысы барысында премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр биылғы қаңтар айында Қазақстанда орын алған оқиғалардан кейінгі қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы баяндады.
Қазір үкімет жергілікті атқарушы органдармен және ұйымдармен бірлесіп, мемлекеттік органдар нысандарын қалпына келтіру және тәртіпсіздіктер салдарынан зардап шеккен кәсіпкерлік субъектілеріне келген залалды өтеу бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.
Қаңтардағы оқиғалар кезінде еліміздің 8 өңірінде 42 мемлекеттік орган ғимаратына залал келді. Бұл – Алматы, Шымкент қалалары, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе мен Шығыс Қазақстан облыстары, – деді Скляр.
Оның айтуынша, келген шығынның жалпы сомасы шамамен 30 млрд теңгені құрады. Бұның ішінде республикалық бюджеттен 18 нысанды қалпына келтіруге 28 млрд теңге бағытталды.
2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.