Halyq Uni логотип
×

Тоқаев қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтады

Президент өз тілегін білдірді

 Халық үні 14.03.2022 | 10:55
Тоқаев қазақстандықтарды Амал мерекесімен құттықтады
фото: ашық дереккөзден

Қасым-Жомарт Тоқаев барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтады.

«Барша Қазақстан халқын Амал мерекесімен құттықтаймын. Ықылым заманнан бері бабаларымыз бұл күнді «Амал келді, жыл келді» деп ерекше қуанышпен қарсы алған. Дәстүр бойынша осы күні қыстан аман шыққан жұртымыз төс қағысып көріскен. Жыл мерекелі де берекелі болсын!», – деді мемлекет басшысы.

Амал мерекесі (Көрісу деп те аталады) — ежелгі дәстүр. Қазақстандықтар 14 наурызды «Көрісу (яғни қауышу) күні» деп те атайды. Бұл күні ауыл тұрғындары ерте тұрып, елең-алаңнан жасы үлкен адамдарға сәлем береді. Көрші-көлем бір-біріне «Жасың құтты болсын!», «Жасыңа жас қосылып, ғұмырың ұзақ болғай!» деп тілек айтады. Көрісу күні бұрынғы өкпе-реніш кешіріліп, араздық ұмытылады, көрші-көлем бір-бірін шеке асына шақырып, меймандардың отбасына, ағайын-туыстарына амандық-саулық, құт-береке тілейді.

Көрісу — тек адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі ғана емес, сондай-ақ жасы үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі көрініс. Өйткені Көрісу салты бір күннің аясымен шектеліп қалмайды, жыл бойы жалғаса береді. Әлдеқандай себептермен 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруге тиіс.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама