Шала туған бала перинаталды орталықта төрт ай бойы ем алған
Бүгін оралдық ерлі-зайыптылар ширек ғасырдан бері зарыға күткен сәбиін перзентханадан шығарып алды. Бұл туралы «Астана» арнасы хабарлады.
Бақтыбай Әжіғалиев ұлын 26 жыл күткенін айтады. Бірақ баласы мерзімінен бұрын дүниеге келген. Сол кездегі салмағы 600 грамм болыпты. Шала туған бала перинаталды орталықта төрт ай бойы ем алған. Баласын бүгін ғана қолына алған әке қуанышын жасыра алар емес.
Бүгін қуаныштымыз, жақсы күн бүгін. Баламыз перзентханадан шығып жатыр. Көптен күткен баламыз, - дейді сәбидің әкесі Бақтыбай Әжіғалиев.
Еске сала кетейік, кеше Түркістан облысында үшем дүниеге келді. Үшемнің анасы Халметова Шахла Пахритдинқызы - Сайрам ауданының тұрғыны. Өмірге келген нәрестелердің екеуі қыз, біреуі ұл бала. Үшемге Шукрона, Ифара және Юсуф деген есімдер қойылған.