Мемлекеттік күзет қызметі Астана мен Алматыда оқу-жаттығу өткізді
Оқу-жаттығу 26 желтоқсаннан 27 желтоқсанға қараған түні өткізілді
Астана мен Алматыда мемлекеттік күзет қызметі арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің оқу-жаттығуы өтті, деп хабалайды Halyq Uni.
Мемлекеттік күзет қызметінің хабарлауынша, оқу-жаттығу 26 желтоқсаннан 27 желтоқсанға қараған түні өткізілді.
«Мемлекеттік күзет қызметінің бастығы генерал-майор Сәкен Исабековтің нұсқауы бойынша 26 желтоқсаннан 27 желтоқсанға қараған түні Астана және Алматы қалаларында мемлекеттік күзет қызметі арнаулы мақсаттағы бөлімшелерінің тосын жедел-тактикалық оқу-жаттығуы өткізілді», - делінген ақпаратта.
Оқу-жаттығу барысында арнаулы мақсаттағы бөлімшелердің күштері мен құралдары жедел-қызметтік әзірліктің жоғарғы дәрежесіне келтірілгеннен кейін оқу-жаттығу тапсырмаларын орындау үшін шоғырлану аймағына шықты.
Қазақстанның мемлекеттік күзет қызметі – президентке тікелей бағынатын және президентке ғана есеп беретін, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету күштеріне жататын, президенттің күзет қызметі мен республикалық ұланның функциясын атқаратын арнаулы мемлекеттік орган.