Болған жағдайды тексеру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-да арнайы комиссия құрылды
Қарағанды облысында жүк пойызының 19 вагоны рельстен шығып кетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның мәліметі бойынша, бүгін сағат 07:45-те Қарағанды-Ақадыр учаскесінің Қарабас станциясында жүк пойызының 19 вагоны рельстен шығып кеткен. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, вагондардың жолдан шығып кетуі жеке меншік иесіне тиесілі бірінші астық тасымалдаушы доңғалақ жұбының кептелісіне байланысты болған. Бұл жағдайды тексеру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ында арнайы комиссия құрылды.
Сондай-ақ осы учаскедегі пойыздар қозғалысының көрші жолмен ұйымдастырылғаны белгілі болды. Қарағанды, Құлайғыр станциялары бойынша екі жолаушылар пойызы кідірілді. Вагондардың жолдан шығуы салдарын жою үшін Қарағанды, Жаңаарқа, Астана станцияларының 3 қалпына келтіру пойызы тартылды.