×

«Жауған қарды да қара күйе басады» - көмір тозаңына тұншыққан қарағандылықтардың шағымы

Экология департаменті ескертпелерді елемеген екі компанияның жұмысын тоқтату үшін сотқа арыз дайындамақ

 Еркеғали Болатұлы 28.12.2022 | 12:16
фото: ашық дереккөз

Қарағанды іргесіндегі 2 мыңға жуық тұрғын көмірдің шаң-тозаңына тұншығып отыр. Өйткені көмір қабылдау және жөнелту бекеті тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан.

Мемлекеттік инспекторлар тұрғындардың арызы бойынша біраз тексеріс жүргізген. Экология департаменті айыппұл да салыпты. Алайда қыстық отын сатумен айналысатындар сол айналдырған 30 мың теңге айыппұлын төлей салып, тірліктерін одан әрі жалғастыра береді. Сондықтан тұрғындар тынысымызды тарылтқан көмір қоймасы жабылсын деп отыр.

Жүк көліктері күні-түні тыным таппайды. Артынан шаң-тозаңды қауып біз қаламыз. Ал мекеменің өзінде көмірді үгітетін техника гүрсілдеп істеп жатады. Маза жоқ. Жауған қарды да қара күйе басады. Қызым сабақтан келе сала жуындырсақ, үстіндегі кірді кетіре алмаймыз, - деді Евгений Медведев атты тұрғын КТК телеарнасына берген жауабында.

Бұл ретте компания басшыларына осы олқылықты жою үшін 31 желтоқсанға дейін уақыт та берілген көрінеді.

Екі компания әкімшілік жауапқа тартылды. Олар тексерістен кейін ауаны ластамау, яғни шаңды басу іс-әрекеттерін атқаруы керек еді. Бірақ іс жүзінде ол атқарылмаған», - деді облыстық экология депатраменті басшысының орынбасары Дархан Есжанов.

Енді ведомство өкілдері түкке тұрғысыз айыппұлды төлеп тастап, ескертпелердің ешқайсысын елемеген екі компанияның жұмысын тоқтату үшін сотқа арыз дайындауға бел буып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама