×

Бас прокуратура қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға бүкпесіз жауап беруі керек – Еділ Жаңбыршин

Ол Бас прокурорды Мәжіліске шақырды

 Дәурен Ерболат 28.12.2022 | 12:00
фото © Эдуард Галеев

2023 жылы Бас прокуратура Мәжіліске келіп, қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға бүкпесіз жауап беруге тиіс. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол «Жаңа Қазақстан» тобының атынан депутаттық сауалын Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

«Бүкіл елді дүр сілкіндірген қасіретті қаңтар оқиғасына 1 жыл болды. Сол күндері халқымыз бұрын-соңды болмаған қауіп-қатермен бетпе-бет келді. Мемлекетіміздің тұтастығы мен мызғымас егемендігіне зор қауіп төнді. Қаңтар күндері Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жан-жүрегімізбен сезіндік», - деді депутат.

Депутат қаңтар оқиғасы Маңғыстауда басталғанын еске алды.

Оқиға сұйытылған газ бағасын төмендету керек деген ұранмен басталды. Басында бейбіт түрде басталған шеруді арандатушы топтар пайдаланып, оның соңы ірі қалаларда тәртіпсіздік пен қайғылы оқиғаларға ұласты, - деді Еділ Жаңбыршин.

Кейін оқиға тіптен ушыққан.

«Төңкеріс жасауға ұмтылғандардың басында белгілі саяси лауазымдағы адамдардың болғаны анық. Олар сатқындық жасап, Мемлекет басшысына елдегі ахуал туралы жалған ақпараттар берді. Іштен шыққан жаулар, мұқият ойластырылған ауқымды операцияда, кәсіби дайындықтан өткен баскесер-содырларды еш тартынбастан пайдаланды. Ірі шаһарымыз аяулы Алматы мен кейбір қалаларымызда ұрыстар орын алды. Ең сұмдығы ішкі және сыртқы жауларымыз біріге қылмыстық қимыл жасап, билікке қарсы қолынан келгенін істеді. Олар мемлекеттік органдарға, стратегиялық нысандарға, қару-жарақ дүкендері мен бизнеске тиесілі ғимараттарға аяусыз шабуылдар ұйымдастырды. Шын мәнінде, бұл елдік пен мемлекетімізге төнген аса қауіпті сын-қатер еді», - деді ол.

Жыл басында қаңтар қасіретін ашық талқылау үшін Мәжілістегі «Жаңа Қазақстан» тобы Бас прокурордың атына депутаттық сауал жолдаған.

«Ол сауалға Парламентте арнайы жауап берілді. Шындығын айтқанда, Мәжіліс төрінде мемлекеттік төңкеріске итермелеген оқиғаны мұндай кең ауқымды талқылау ешқашан болмаған. Құқық қорғау органдары тергеу қорытындылары туралы есеп беріп, бәрі ашық айтылды. Сол кезде бірінші рет қайтыс болған 238 адамның тізімі мен 3 мыңнан аса қарудың ұрланғаны хабардар етілді. Қоғамды мазалаған сұрақтарды бүкпесіз қойдық. Біріне жауап алсақ, енді кейбіріне тергеу амалдарынан соң нақты жауап айтылады делінді.

Сондай-ақ президент 16 наурыздағы халыққа жолдауында: «Кімнің қандай лауазым иеленіп отырғанына, қоғамдағы орны қандай екеніне қарамастан осы қайғылы оқиғаларға кінәлі адамдар түгелдей лайықты жазасын алады деп уәде беремін» – дегені бар емес пе?!

Иә, бүгінде халықтың көкейінде әлі де жауабы жоқ сұрақтар жеткілікті. Сонымен «Мұны ұйымдастырған кімдер, өйткені барлық өңірде бір мезгілде толқулар басталды және қаскөйлердің негізгі мақсаты не болды?», «Қаңтар оқиғасы қандай зақымдар мен шығындар келтірді?», «Лауазымдық міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған және зардап шеккен қызметкерлерді әлеуметтік жағынан қорғау, кездейсоқ қаза болған азаматтарымыздың жақындарына көмек көрсету бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?» – деген сауалдар ел ішінде айтылып жүр, - деді депутат.

«Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының пікірінше, қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға толық жауап берілуі керек.

«Елді ыдырату үшін жасалған опасыздардың жүйелі қимылы, қырағы дайындығы туралы тек болжамдар бар. Ашығын айтсақ, қазір қоғамда түрлі қауесет тарауда. Бұл жағдай жалған түсінік қалыптастырып, фейк ақпараттың тарауына зор ықпалын тигізіп отыр. Сондықтан құқық қорғау органдарының тергеу амалдарының қорытындысына сүйенген, оқиғаның бірізді мән-жайы ашық айтылып, оның әділ бағасы берілуі керек деп санаймыз», - деді Еділ Жаңбыршин.

Сөз соңында депутат Бас прокурордан келесі жылы Мәжіліске келіп, қаңтар оқиғасына қатысты сұрақтарға ашық жауап беруді сұрады.

Құрметті Берік Ноғайұлы, көтерілген мәселенің маңыздылығын ескере келе, тиісті күштік құрылымдар мен мемлекеттік органдар, жылдың басында Мәжілістің алғашқы жалпы отырысына келіп, жоғарыда айтылған және басқа да сауалдарға бүкпесіз ашық жауап беруі қажет. Бұл – халықтың талабы, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама