×

Оқу-ағарту министрлігі «Әділдік жолы» қолға алған акцияға қосылды

Елімізде «Жастардың таңдауы – Әділетті Қазақстан» акциясы өтіп жатыр

 Халық үні 28.12.2022 | 11:26
Фото: Әділдік жолы РҚБ

Оқу-ағарту министрлігі «Жастардың таңдауы – Әділетті Қазақстан» акциясына қосылды. Бұл туралы «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі атқарушы директоры Дидар Смағұлов хабарлады.

«Жалған орындарға» жол жоқ немесе «Жастардың таңдауы – Әділетті Қазақстан» акциямызға оқу-ағарту министрлігі қосылды! Бұл аса күрделі тапсырмалардың бірі болғанымен, 2023 жылы жүзеге асырылуға тиіс іс, - деп жазды Смағұлов.

Айтуынша, балабақшаларды қаржыландуға 2022 жылы 500 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Бұл сома 2023 жылы да көбеюі мүмкін.

«Бізде қосып жазылған мәлімет туралы фактілер елордада да кездеседі. Ал жергілікті жердегі құзырлы органдар мұны жылы жауып қоюға тырысады. Бұған дейін де оқу-ағарту министрлігімен жұмыс бір жолға қойылған болатын. Оның ішінде аймақтардағы сапасы сын көтермейтін мектептер анықталып, мектеп ішінде ақшаны заңсыз жинауға жол берілмей, жұмыстан заңсыз шығарылған педагогтер қызметіне қайта қабылданған да жағдай болды», - деп жазды «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі атқарушы директоры.

Ал бұл меморандум мүмкіндіктерді арттырады: қоғамдық қадағалауға барлық сала қызметі мен республикалық және облыстық бюджеттің аударымдары қолжетімді болады.

Айта кетейік, «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қолдауымен елдегі жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыру мақсатында жастарды жұмылдыруға бағытталған «Әділетті Қазақстан – жастардың тандауы» атты акцияны бастады. 

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сұрақтар бойынша тегін кеңес алуға болатын арнайы 1463 call орталық қосылды, сонымен қатар жастардан хабарлама қабылдап, өзекті жаңалықтарды жеткізетін ұйымның әлеуметтік желідегі парақшалары ашылды. 

Бұған дейін акция аясында «Әділдік жолы» РҚБ ғылым және жоғары білім министрлігімен серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды.  Ол студенттерді акцияға жұмылдырып, ЖОО қызметіндегі жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.

Акция бастамашылары, сондай-ақ, жемқорлыққа қарсы үздік идеялар мен жобалар байқауының басталғанын жариялады. Онда әрбір жас сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы көзқарасын ұсына алады.

Дидар Смағұловтың айтуынша, өтінімдер info@adildik.kz электронды мекен-жайына 2023 жылдың 15 қаңтарына дейін қабылданады. Одан кейін байқау комиссиясы еліміздің әр өңіріндегі үздік жұмыстарды таңдап, бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама