Ол қызмет көрсетушінің пайдасына жасаған әрекеттері мен қамқорлығы үшін жүйелі негізде ақша алып отырған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Жолаушылар тасымалы» АҚ филиалы – «Қала маңы тасымалы» басшыларының біріне қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, аталмыш акционерлік қоғам филиалының директоры 2020 жылдың қыркүйегі мен осы жылдың желтоқсаны аралығында жолаушылар вагондарын жөндеу бойынша қызмет көрсетушінің пайдасына жасаған әрекеттері мен жалпы қамқорлығы үшін жүйелі негізде ақшалай қаражат алды деген күдікке іліккен. Алынған пара сомасы 11 миллион теңгеден асады.
Биыл 20 желтоқсанда күдікті ұсталып, соттың санкциясымен қамауға алынды.
Тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды.