Биыл Қазақстанда газ баллоны жарылысынан 21 адам қаза тапты
86 адам зардап шекке, оның ішінде 14 бала бар
Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев биыл Қазақстанның әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде газ-ауа қоспасының тарсылы мен тұтануы, тұрмыстық баллондардың жарылуы және газбен улану бойынша 55 жағдай тіркелгенін жеткізді (былтыр – 67 жағдай).
Оның ішінде: газ-ауа қоспасы тарсылы - 33, тұрмыстық баллондардың жарылуы - 16, газдан улану – 6. Барлығы 86 адам зардап шекті, оның ішінде 14 бала бар, 21 адам қайтыс болса, оның ішінде 3 бала бар.
Төтенше жағдайлар вице-министрі Мереке Пішембаев газ баллондары не себепті жарылатынын айтты.
Тұтынушылардың көбісі сонау кеңес заманынан қалған баллондарды пайдаланып, жақын тұрған автогаз станцияларында толтырып отырады. Бірақ заң бойынша ондай жерде газ толтыруға болмайды. Елімізде ескі және мерзімі өтіп кеткен баллондар көп, - деді вице-министр.
Оның айтуынша, бір баллонды пайдалану мерзімі 30 жылдан аспауға тиіс. Оан бөлек, газ таратушы компаниялар бес жыл сайын баллондарды тексеріп отыруы қажет. Бірақ осы талаптар орындалмайды. Себебі халыққа газ сататын компаниялар қауіпсіздіктен бұрын пайданы ойлап тұрады. Олар қауіпті баллондар болса, жаңасына ауыстыруы шарт. Бірақ кәсіпкерлер ондай шығынды өз мойнына алғысы келмейді.
Газ баллондарын пайдаланатын адамдардың көбі ауылда тұрады. Олардың тұрмыстық жағдайы да мәз емес, - деп атап көрсетті Пішембаев.
Вице-министр тағы бір маңызды мәселе ретінде әкімдікке қарасты газ инспекциялардың өз міндетін дұрыс атқармайтынын айтты. Соның салдарынан газ баллондары жарылып, адамдар қайтыс болады.
Биыл тіркелген 55 жағдайдың 36-сы тұрмыстық баллондарды пайдалану және ондағы ақаумен тікелей байланысты. Сондай-ақ, тұрмыстық газ баллондарының айналым тетігін және онымен байланысты процестерге (май құю, тасымалдау, көп мәрте қолдану және есептен шығару) талдау жүргізілген.
Еске салайық, биыл 16 қарашада Ақмола облысы Шортанды кентінде газ баллоны жарылып, 13 адам зардап шеккен, 5 адам қайтыс болған. Бесеудің үшеуі сәбилер.