27 қалада кәріздік-тазарту ғимараты салынады – министр
41 қалада оның тозу деңгейі 60 пайызға жеткен
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев 27 қалада кәріздік-тазарту ғимарттарының ешқашан болмағанын, 41 қалада оның тозу деңгейі 60 пайызға жеткенін айтты.
Оның айтуынша, президент тапсырмасымен 2023-2028 жылдары кәріздік-тазарту ғимарттары салынады.
Бүгінде еліміз бойынша 89 қаланың 27-сінде кәріздік-тазарту ғимараттары жоқ, 41 қалада тозу деңгейі 60%-дан асқан. 3 қалада, мысалы Сарыағаш, Атырау, Форт-Шевченко қалаларында жобаларды іске асыру басталды. Келесі жылы Ақтау, Леңгір және Шымкент қалаларында 3 жобаны жүзеге асыруға қаражат қарастырылған, – деді министр Үкімет отырысында.
Қалған 62 қала бойынша министрлік қаржыландырудың екі жолын дайындаған. Министрдің айтуынша, біріншісі – халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын мемлекеттік кепілдікпен тарту. Бұл тәсіл халық саны 45 мың адамнан асатын 26 ірі қалада кәріздік-тазарту ғимарттарының құрылысына пайдаланылады. Екіншісі – республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттер есебінен іске асырылады. Бұл тәсіл халық саны 45 мың адамнан аспайтын 36 шағын қалада жүзеге асатын жобаларға қатысты болып отыр.