×

Жалақысын көтеруді талап еткен аралдық жұмысшыларға сыйақы берілетін болды

Жұмысшылар айлық жалақысын 100 пайызға көтеруді, атаулы мерекелерде сыйақы беруді талап етті

 Айгерім Таубай 26.12.2022 | 15:00
Фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысында жалақысын 100 пайыз көтеруді сұраған жұмысшыларға мереке қарсаңында 50 мың теңгеден сыйақы беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрілігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

2022 жылдың 23 қарашасында Қызылорда облысы Арал ауданында «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің жүзге жуық қызметкері жиналып, жалақыны көтеруді сұрады.

Арал және Қазалы ауданы халқын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме қызметкерлері жалақысы 80 мың теңге екенін, экологиялық төлемді қосқанда ай сайын 110 мың теңге алатынын айтты.

Halyq Uni Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осы мәселе бойынша ресми сауал жолдап, жұмысшылардың жалақысын көтеруге қатысты министрліктің ұстанымын білді.

«Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесі Экология министрлігінің «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Арал» салынып жатқан кәсіпорындардың бірлескен дирекциясының құрамына кіреді.

Бұл кәсіпорында 1 496 қызметкер бар, орташа жалақы мөлшері – 132 мың теңге. Кәсіпорынның негізгі қызметі – ауыз сумен қамтамасыз ету және су бұру.

Министрліктің хабарлауынша, кәсіпорын директоры, Арал ауданы әкімінің орынбасары, Арал аудандық маслихат хатшысы, мемлекеттік еңбек инспекторы 30 жұмысшымен кездесіп, жағдайды түсіндірген.

Кездесу барысында 2021 жылы кәсіпорындағы жалақы мөлшері 22,7%-ға, 2022 жылы 20%-ға көтерілгенін айтқан.

Кәсіпорындағы жұмысшылардың еңбекақы көлемі қолданыстағы заңнамаға сәйкес су шаруашылығы саласындағы орташа статистикалық жалақы мөлшерінен аспауға тиіс. Бұл жұмыскерлердің талабының орындауға басты кедергі болып отыр, - делінген министрлік ресми сауалға берген жауабында.

Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі уәкілетті орган су шаруашылығы саласындағы орташа статистикалық жалақы мөлшерін 114 мың теңге көлемінде бекіткен.

«Мәселе шешілуі үшін қолданыстағы заңнамаларға тиісті өзгерістер енгізілуі қажет. Яғни, кәсіпорынның еңбекақы мөлшерін бекіту барысында су шаруашылығы саласы емес, Қызылорда облысының орташа статистикалық жалақы мөлшері есепке алынуға тиіс», - дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Айта кетейік, 2021 жылы Қызылорда облысындағы орташа жалақы мөлшері 221 мың теңге болды.

Сондай-ақ министрлік ұжымдағы ахуал тұрақты екенін жеткізді.

Ұжымдағы ахуал тұрақты, аталған жағдай кәсіпорынның өндірістік процессіне кедергі келтірген жоқ. Жаңа жыл мерекесіне орай кәсіпорынның барлық 1 496 жұмыскеріне 50 мың теңге көлемінде сыйақы беру жөнінде шешім қабылданды, - делінген ақпаратта.

«Нұра топтық су құбыры» ШЖҚ РМК бас директорының міндетін атқарушы Сағындықовтың айтуынша, заңнамаларға өзгерістер енгізу мәселесі парламент мәжілісінің қарауында жатыр. Оның нәтижесі 2022 жылдың соңына дейін хабарланады.

Министрліктің хабарлауынша, бұл жағдайда ауыз сумен жабдықтау және суды бұру қызметіне тариф шамамен 32-37%-ға өседі. Сондай-ақ 26 желтоқсанда 2023 жылдан бастап Қазақстанда коммуналдық тарифтердің бағасы көтерілетіні айтылды. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама