×

Тегін заң көмегін көрсетуге орта есеппен жыл сайын 1,7 млрд теңге бөлінген

Заң көмегіне ақы төлеу мөлшерін ұлғайту мәселесі қарастырылып жатыр

 Динара Амантай 26.12.2022 | 14:46
Фото: egemen.kz

«Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» Заң іске асырыла бастағалы бүгінгі жағдай бойынша 715 мыңнан аса адамға тегін заң көмегі көрсетілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, министрлік бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты. 2018-2021 жылдары республикалық бюджеттен тегін заң көмегін көрсетуге орта есеппен жыл сайын 1,7 млрд теңге бөлінген.

Адвокаттардың, заң кеңесшілерінің көрсеткен көмегі үшін ақы төлеу Үкіметтің қаулысына сәйкес жүзеге асырылады. Аталған қаулы құқықтық кеңес беруді, қорғауды және өкілдік етуді, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін жүргізуді ұсынатын адвокаттар мен заң консультанттары көмегінің бір сағаты үшін мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеуді, тиісті қаржыны жылына АЕК-ке еселенген мөлшерде көздейді. Мысалы аса ауыр қылмыстар бойынша 1,15 АЕК, ауыр қылмыстар бойынша 0,78 АЕК, әкімшілік және азаматтық істер бойынша 0,56 АЕК. Төлем сондай-ақ «процестік әрекеттің не сот отырысының басталуын күтуді», қылмыстық немесе азаматтық істің материалдарымен танысуды, күзетте ұсталатын қорғаудағы азаматқа баруды және т. б. қамтиды. Бұдан басқа, заң көмегін көрсету үшін Қазақстан Республикасы шегінде басқа жерге баратын адвокаттарға мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері үшін белгіленген мөлшерде шығыстар өтеледі, - деді Алма Мұқанова.

Сонымен қатар, спикер Әділет министрлігінің заң көмегін көрсету уақытын 1 сағатқа дейін созуға қатысты нормативтік-құқықтық актілерге түзетулер әзірлеп, мемлекет кепілдік берген заң көмегіне ақы төлеу мөлшерін ұлғайту мәселесін талдап жатқанын жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама