Кешеден бері жаңажылдық отшашу сатқандарға айыппұл салынып жатыр

Еркеғали Болатұлы

Бір күнде 400 рейд жүргізіліп, пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатқан 75 адамнан оның 1 850 данасы тәркіленді

фото: Иван Сухоруков

Қазір 25 желтоқсан-3 қаңтар аралығында сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдарды сату фактілерін анықтауға және жолын кесуге бағытталған «Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шаралары жүріп жатыр. Бұл туралы ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Әміржан Байғошев ескертті.

Оның айтуынша, заңсыз сауда жасаған адамға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 196-бабы бойынша 76 575 теңге айыппұл салынады.

26 желтоқсандағы жағдай бойынша, еліміздегі дүкендерге және өзге де сауда орындарына, сондай-ақ пиротехникалық бұйымдарды тасымалдаудың және сақтаудың заңдылығы бойынша 400 рейдтік іс-шара жүргізілді. Нәтижесінде пиротехникалық бұйымдарды заңсыз сатудың 75 фактісі анықталды. Құқық бұзушылардан сертификатталмаған пиротехникалық бұйымдардың 1 850 данасы тәркіленді, - деді Әміржан Байғошев.

Сондай-ақ ол пиротехникалық бұйымдарды қандай нұсқаулықпен сатып алу қажеттігін алға тартты.

Пиротехникалық бұйымдарды сатып алу кезінде қауіпсіздік мақсатында тек мамандандырылған дүкендерден және қызметтің осы түріне тиісті лицензиялары бар сауда павильондарынан сатып алу қажет. Отшашуларды сатып алғанда, сатушылардан өнімге сәйкестік сертификатын талап еткен жөн. Әрбір пиротехникалық бұйым үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде қолдану бойынша егжей-тегжейлі нұсқаулықтың болуы міндетті, - деді аға инспектор.

Бұл ретте нұсқаулықпен танысқан кезде оның сақталу мерзіміне назар аудару маңызды. Егер тауар мерзімі өтіп кетсе, оны мүлдем қолдануға болмайды.