Басқыншы күйеуін зорлық жасауға шақырған әйелге іздеу жарияланды

Дастан Жұмабекұлы

Тек ауру жұқтырып келмесең болды, - деді ол жұбайына

фото: 24tv.ua

Украина қауіпсіздік қызметі оккупант күйеуіне украин әйелдерін зорлауға тапсырма берген ресейлік әйелге халықаралық іздеу жариялады. Бұл туралы «Стопкор» хабарлады.

Украина қауіпсіздік қызметі украинның бейбіт қыз-келіншектеріне қатысты зорлық-зомбылық әрекеттерін қоздыруға күш салған ресейлік әйелдің қылмысын дәлелдейтін бұлтартпас айғақтар жинап қойды. Қаскөйдің аты-жөні – Ольга Быковская. Ол жау басып алған Қырым түбегінде тұратын Ресей азаматы болып шықты.

Ресейдің оккупациялық армиясы украин жеріне кең ауқымды шабуыл жасап, Херсон облысына уақытша басып кірген кезде бұл әйел сондағы өзі секілді қыз-келіншектерді аямай зорлау жөнінде ұран тастаған. Ол өзінің мұндай «ұсынысын» оккупациялық армия құрамында соғысып жүрген күйеуімен телефонмен сөйлесу кезінде ашықтан-ашық білдіреді.

Кезінде осы аудиожазба әлеуметтік желіге кеңінен тараған. Сонда әйел күйеуіне: «Онда жолыңда кездескен әйелдерді аяма, зорла бәрін!» – дейді. Ол күйеуінің: «Сен мені қызғанбайсың ба?» деген сұрағына бірден: «Жоқ. Тек ауру жұқтырып келмесең болды», – деп жауап қайтарады.

Украина қауіпсіздік қызметі жедел-тергеу әрекеттері нәтижесінде сол жазбаны біліп, қылмыстық әрекетті тіркеп, ондағы фигуранттардың кімдер екенін анықтауға кіріседі. Жиналған айғақтық базаның негізінде қылмыстық іс қозғалады. Ол Украина Қылмыстық кодексі 438-бабының 1-тармағы бойынша («Соғыс заңдары мен салт-дәстүрлерін бұзу») айыпталады.

Көп ұзамай әйелдің де, оның күйеуінің де кімдер екені анықталды. Қазір фигурант әйелге мемлекеттік және халықаралық іздеу жарияланып отыр.

Санкцияда 12 жылға дейін түрмеде отыру жазасы қарастырылған.