Halyq Uni логотип
×

Астана мен Алматыдағы крематорийді пайдалануға беру кейінге қалдырылды

Екі мегаполисте крематорий салу туралы шешім 2020 жылы қабылданды

 Айгерім Таубай 26.12.2022 | 11:30
Астана мен Алматыдағы крематорийді пайдалануға беру кейінге қалдырылды
Фото: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Астана мен Алматыда салынып жатқан крематорийді пайдалануға беру уақыты кейінге шегерілді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Коронавирус инфекциясы өршіп тұрған кезде Астана мен Алматыда крематорий салу туралы шешім қабылданды. Бұл туралы 2020 жылдан бастап айтылып келеді, алайда сол уақыттан бері нысанның құрылысы аяқталмады.

АСТАНАДАҒЫ КРЕМАТОРИЙ

Астанадағы крематорий құрылысы 2023 жылдың үшінші тоқсанында аяқталады. Бұл туралы қаланың құрылыс басқармасы мәлімдеді.

Бұған дейін нысан құрылысы 2023 жылдың бірінші тоқсанында аяқталатыны айтылды.

Астанадағы патологоанатомиялық бюро құрылысына Астана қаласының құрылыс басқармасы жауапты. Басқарманың хабарлауынша, қазірге дейін құрылыстың біршама бөлігі аяқталды. Қазір нысанның сыртқы жағы және ішкі инженерлік желілері бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Нысан құрылысына 1,5 миллиард теңге бөлінгені айтылды. Қала әкімдігі бұл соманың көбейіп-азаймағанын хабарлады.

Қаржы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген, - деп нақтылады Астананың құрылыс басқармасы.

Сондай-ақ нысан негізгі ғимарат пен қайта өңдеу блогынан, сондай-ақ гараждан тұрады. Арнайы техниканың қай елден жеткізілгені туралы сұраққа жобада мамандандырылған техника қарастырылмаған деп жауап берді.

Патологоанатомиялық бюро құрылысы 2023 жылдың 3-тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған, - деп хабарлады Астана әкімдігі.

Сондай-ақ жыл сайын қанша тонна медициналық қалдық жойылатынын әкімдік анық айта алмады.

Астана қаласындағы патологоанатомиялық бюро құрылысы Алматы ауданы А431 көшесі аумағында жүріп жатыр.

АЛМАТЫДАҒЫ КРЕМАТОРИЙ ҚҰРЫЛЫСЫ

Алматыдағы крематорий жобамен 2023 жылдың бірінші тоқсанында ашылады. Бұл туралы Алматы қаласының құрылыс басқармасы хабарлады.

«Трансформаторлық қосалқы станциялар 10/0,4 кВ және газ құбырын жүргізуді қоспағанда, инженерлік желіні жүргізу бойынша жұмыстың 80 пайызы орындалды. 2021 жылдың екінші тоқсанында бағаның өсуі салдарынан трансформаторлық қосалқы станцияның құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезінде жұмыстың алдын ала құны өзгерді. Сондай-ақ газ құбырының бағыты өзгертілді», - деп хабарлады басқарма.

Осыған байланысты Ішкі мемлекеттік аудит комитетіне өтініш жолданды және жобалау-сметалық құжаттаманы түзетуге рұқсат алынды.

Жобалау ұйымы жобаны түзету бойынша жұмыстар жүргізді. Қазір жергілікті бюджет комиссиясының қарауына енгізу үшін құжаттар дайындалды. Осы келісімнен кейін «Мемсараптама» республикалық мемлекеттік кәсіпорнынан оң қорытындысын алу және құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу қажет, - делінген әкімдік жауабында.

Сол себепті нысанды ашу және пайдалануға беру мерзімі кейінге шегерілді. Осылайша, Алматыда крематорий 2023 жылдың бірінші тоқсанында ашылады.

Ал бұған дейін нысан 2022 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп хабарланған.

Крематорий Алатау ауданында екінші жылу энергия орталығы маңында патологоанотомиялық бюро жанынан салынып жатыр.

Алматыдағы крематорий екі ауысыммен жұмыс істеген жағдайда тәулігіне 23-24 кремация (жылына 7 мың кремация) жасауға қауқарлы болады.

Крематорий ғимаратында әкімшілік бөлмелер мен жұмысшыларға арналған бөлмелер болады. Салттық керек-жарақтар дүкені, қоштасу залы жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама