Президент шыршасына қатысқан 4 мыңнан аса оқушыға бағалы сыйлықтар берілді
Сондай-ақ 100 мың теңгелік сертификаттар табысталды
Еліміздің барлық өңірі бойынша президент шыршасына 4 мыңнан аса бала қатысты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Ведомство өкілдерінің мәліметінше, мерекелік кеш 25 желтоқсанда өткен. Президент шыршасынан қатысушылардың жартысы бағалы сыйлық, жартысы 100 мың теңгелік сертификат алды.
Мерекелік іс-шара еліміздің барлық қаласы мен облыс орталығында өтті. Биыл шыршаға 9-13 жас аралығындағы 200 бала шақырылды. Еліміз бойынша кешке қатысқандардың жалпы саны 4 мыңнан асты. Олар – оқу үздіктері, түрлі конкурстар мен олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, сондай-ақ оқуда, спортта, шығармашылықта немесе қоғамдық өмірде жетістіктерге жеткен дарынды балалар», - деді Оқу-ағарту министрлігінің Тәрбие жұмысы және қосымша білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Аман Сейітов.
Еске сала кетсек, бұған дейін облыс әкімдіктерінің әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балаларына Жаңа жылға сыйлық әзірлеп жатқанын хабарлаған болатынбыз. Кейбір өңірде әр балаға 100 мың теңгеге сыйлық алу жоспарланған еді.